KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 3 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚО мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы сауда ынтымақтастығын кеңейтеді

26.06.2024, 19:31 145

Шығыс Қазақстан облысының бірнеше компаниясы Қытай Халық Республикасына 5,5 млрд теңгеден астам сомаға өсімдік майын жеткізуге келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қытай еліндегі ірі нарықтың тауарларға деген сұранысы орасан зор. Осы сұраныстың бір бөлігін, атап айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге Шығыс өңірінің әлеуеті әбден жеткілікті. Жалпы Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін Өзбекстанға, содан кейін Қытайға көп экспорттайды.

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2023 жылы өңірден 437 млн АҚШ долларына 1 142 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды, оның ішінде 188 млн АҚШ долларына 263 мың тонна өңделген өнім экспортталды.

Қытай Халық Республикасы зығыр, арпа, бидай, күнбағыс тұқымы, өсімдік майы және кебек тұқымын жеткізуге мүдделі. Сондай-ақ шағын көлемде аспан асты еліне балық өнімдері мен бал жеткізіледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, өңірдегі ірі жеткізуші «Сей-Нар» ЖШС болып есептеледі. Өскемендегі аталмыш компания күнбағыс және рапс майларын өндірумен айналысады. Өткен жылы 27 мың тоннадан астам өсімдік майы, алты мың тоннадан астам арпа және 60 тонна рапс майы экспортталды.

– Қытай елімен 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Өсімдік майларының негізгі сатып алушысы – Шыңжың-Ұйғыр автономиялық ауданы . Біз бүгінде нарыққа шығуға дайынбыз. Мұндай халықаралық көрмелер серіктестік қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте логистика мәселесінің маңызы зор. Егер кідіріс болмаса, біз екі есе көп өнім бере аламыз. Өнімді теміржол арқылы тасымалдау – ең тиімді әдіс. Іс-шара барысында осы мәселені шешу маңызды, – деді «Сей-Нар» ЖШС өкілі Қанат Баймұхамбетов.

Сондай-ақ күнбағыс майын жеткізу бойынша «ВостокЭкоЛайн» ЖШС, «Qabyl Agro» ЖШС және «Янтарь УК» ЖШС секілді кәсіпорындар көршілес елдегі әріптестерімен ынтымақтастық орнатты.

Биыл бес ай ішінде Қытайға «Сей-Нар» ЖШС-дан 35 мың тонна өнім, оның ішінде 20 мың тонна күнбағыс майы, «Янтарь УК» ЖШС-дан 1491 тонна күнбағыс майы және «ВостокЭкоЛайн» ЖШС-дан 757 тонна күнбағыс майы экспортталды.

Алдағы уақытта аспан асты еліне Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артады.

«Кез-келген келісімшарт бизнестің дамуына оң әсер ететіні анық. Біз Қытайға өсімдік майын жеткізуді жалғастырамыз. Яғни екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түседі», - деді «Янтарь УК» басшысының орынбасары Андрей Аксенов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу