Қырғызстанда қайтыс болған балалардың денесі жер қойнына тапсырылды – Өскемен
Облыс орталығындағы «Халифа Алтай» мешітінде Қырғызстандығы жойқын селден қаза болған төрт баланың жерлеу рәсімі өтті.
Табиғи апаттан опат болғандарды ақтық сапарға шығарып салуға қала тұрғындары да жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданында болған селден өңіріміздің кәмелет жасқа толмаған тұрғындары қаза тауып, олардың денелері Қазақстанға Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізілген еді. Бүгін облыстық «Халифа Алтай» мешітінің алдында жаназа намазы оқылып, «хатымханада» ас беріліп, марқұмдардың рухтарына Құран бағышталды.
Айта кетелік, қыршын кеткен ұл мен үш қыз небәрі 8-11 жас аралығында болған. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, екі отбасының балалары №44 және №47 мектептерде оқыған. Балаларды жерлеуді ұйымдастыруды әкімдік өз мойнына алды. Қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетілді.