KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО: Жұмыспен қамту көрсеткіші қай аудандарда төмен?

12.07.2024, 14:48 217 Айна Ескенқызы

Өскеменде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жартыжылдық жұмысының қорытындысы шығарылды. Басқарма басшысы Альмира Мусинова өз баяндамасында жұмыспен қамтуға қатысты бағдарламалардың орындалуына тоқталып, облыстық көрсеткішке жетпеген  қала мен аудандардың салалық бөлімдерінің басшылары мен мансап орталықтары директорларының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыста бекітілген аймақтық  жұмыспен қамту картасы бойынша  жұмыссыздарды жеті бағыт бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Солардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша он мың жұмысқа қабілетті жандарға жүз жұмыс орнын ашу. Осы бағыт бойынша өңірде 11626 жұмыс орнын ашу жоспарланған, қазір Шығыста барлығы 3773 тұрақты жұмыс орны ашылды, немесе  жоспар 32 пайыз орындалды. Облыстық көрсеткішке жетпеген Риддер, Зайсан, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл аудандары.

– Марқакөл ауданына жаңадан құрылып жатқандықтан, аздап жеңілдік беруге болады, алайда  мен ауданның потенциалы жоғары екенін, басқа аудандар мен қалаларға басқа көрсеткіштер бойынша жақындап қалғанын айтқым келеді. Президент әкімшілігі осы көрсеткішті қала мен аудан әкімдерінің рейтингіне қосты, сол себепті үнемі бақылау үстінде. Жыл қорытындысы бойынша жоспарды орындамаған әкімдерге тәртіптік жаза қолданылады, – деп ескертті Альмира Мусинова.

Облыс бойынша субсидияланған 6786 жұмыс орны құрылу керек болса, қазіргі таңда  бар болғаны 4734 уақытша жұмыс орны  немесе 70 пайызы ғана құрылған. Осы жұмыспен қамтылған азаматтардың тек 77 пайызына ғана міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Жоспарды орындау үшін жыл аяғына дейін тағы 2075 адамды жұмысқа алу қажет.

– Субсидияланған жұмысқа алынған жұмысшының жалақысын жұмыс беруші емес, біз төлейміз, соны ұмытпаңыздар. Өкінішке орай, жұмыс берушілер жыл сайын уақытша жұмыс орнын ашады, тұрақты жұмыс орнын бермейді. Біз келешекте осындай жұмыс берушілермен келісімді үземіз, – деп  атап өтті сала басшысы.

Жиынға аудан мен қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлім басшылары мен мансап орталықтарының директорлары, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының директорлары қатысты.

– Мен бұл қызметке жаңадан келгендіктен, әріптестерімнен үйренерім көп. Жиын соңынан семинар болады, біз жартыжылдықтың жұмысын қорытындап қана қоймай, тәжірибе алмасамыз, – деді Өскемен қалалық мансап орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу