KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

«Жанұя» отбасын қолдау орталығы қоғамда отбасы институтын нығайтуға ықпал етеді

15.07.2024, 16:21 442 Айна Ескенқызы

Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастағалы екі айдың жүзі болды.  Осы уақыт аралығында орталыққа әртүрлі проблемаларымен 302 отбасы хабарласып, нақты көмек алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Маруа Ғайсинаның айтуынша,  мемлекеттік мекеме Шығыс Қазақстан әкімдігінің 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен құрылды. Мамыр айына дейін барлық ұйымдастырушылық жұмыстары жүргізіліп, аудандардағы мамандар бекітіліп, мемлекеттік мекеменің толыққанды жұмыс істеуіне жағдайлар жасалды.

– Орталық қызметінің мәні – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсету және осындай келеңсіздіктердің алдын алу. Орталықта барлығы 35 маман жұмыс істейді, олардың 26-сы облысымыздағы он үш қала мен ауданның жұмыспен қамту бөлімдерінің жанынан құрылған орталықтарда қабылдайды. Әр ауданда бір психолог пен әлеуметтік жұмыс бойынша маман қолдауға мұқтаж отбасыларына жәрдемдеседі. Осы уақыт аралығында облыс бойынша 302 отбасына нақты көмек көрсетілді. Олардың арасында   психологиялық қолдау күткендер де немесе заңгердің кеңесіне зәру, баспана мәселесімен келгендер, мүгедектік ала алмай жүргендер де болды. Біздің мамандардың шұғыл көмектерінің нәтижесінде олардың мәселелері шешіліп жатыр, – деп атап өтті Маруа Ғайсина.

Өскемен қаласындағы  «Жанұя» отбасын қолдау орталығы Сатбаев даңғылы, 64 ғимаратының төртінші қабатында орналасқан.   Орталықта шұғыл түрде көмекті қажет ететін жандарды уақытша ұстау үшін ана мен бала бөлмесі бар.

– Біздің дағдарыс орталықтары сияқты жатын орындарымыз жоқ. Дегенмен тұрмыстық зорлықтан зәбір көрген, барар жері жоқ  әйел мен балаларды уақытша, проблемасы түбегейлі шешілгенге дейін орналастыратын бір бөлме дайындап қойдық, – деп түсіндірді орталықта.

«Жанұя» қолдау орталығы  отбасындағы кикілжіңнің алдын алу, мұқтаж жандарға дер кезінде жәрдемдесу мақсатында отбасының цифрлық картасы бойынша жұмыс істейді.

– Өңірде 97 мың адам отбасының цифрлық картасында қызыл аймақта, яғни, дағдарысты жағдайда  тұр. Бірінші кезектегі жұмыс – біздің аудандардағы мамандарымыз осы отбасыларын жаяу аралап, олардың әрқайсының проблемаларымен танысып,  оларға әлеуметтік карталар толтырады. Сол кезде жанұялардың әлеуметтік портреті жасалып, нақты қандай көмекке зәру екені айқындалады, – деді Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.

Орталық қызметінің мақсаты – отбасыларына кешенді қолдау көрсетуде ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру болғандықтан,  мекемеде прокуратура, білім және денсаулық сақтау салаларының, азаматтық сектордың өкілдері, аудандардағы мамандар бас қосып, ары қарайғы жұмысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.   Осындай кешенді әлеуметтік көмек отбасы институтын нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу