Шағын аудандар назардан тыс қалмады – Өскемен
Биыл Өскемендегі бірқатар ауданда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе облыс орталығындағы шағын аудандардың жолына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл сөзімізге жуықта ғана жөндеуден өткен Шмелов Лог ауданындағы су жаңа жолдар дәлел, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр қазан айында қала әкімі Жақсылық Омар аудан тұрғындарымен кездесіп арыз-тілектерін тыңдаған болатын. Жиын кезінде жұртшылық кент жолына қатысты базыналарын айтқан еді. Шаһар басшысы халықпен кеңесе отырып тозығы жеткен көшелерді жөндеуге уәде еткен. Айта кетер жайт, асфальт төселмес бұрын, көшелер тізімі аудан белсенділерімен келісілген.
Әкімдік берген мәлімет бойынша, кенттегі Димитров, Железнодорожная, Багратион, Ползунов көшелеріне асфальт төселген. Қазірдің өзінде аудан белсенділері мен Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері жақын байланыста. Бірлесіп жыл соңына қарай келер жылы атқарылатын жұмыстар тізбегін анықтайды. Әкімдіктегілер кент тұрғындарының әл-ауқатын жақ¬сарту мақсатында әлі талай жұмыстардың атқарылатын тілге тиек етті.
Балауса Қожаева