Шмелев Лог кентіндегі жолдар жөнделіп жатыр
"Жол жылы" аясында мұндағы төрт көшеге асфальт төселеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шмелев Лог кентіне көптен бері көңіл бөлінбеген. Былтыр мұндағы су құбырлары жаңартылып, жер үйлер орталықтандырылған су жүйесіне қосыла бастаған.
Ал биыл жол жөндец жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы 2,3 шақырым болатын Ползунов, Багратион, Димитров және Железнодорожная көшелеріне тас жол төселеді. Оның екеуінде мүлдем асфальт болмаған.
Кенттегі басты мәселелерді көтеріп, тұрғындардың мұңын билікке жеткізіп жүрген жергілікті тұрғындардың бірі Алексей Петров жолдар соңғы 40 жылда жөндеу көрмегенін айтады.
Дегенмен жұмыстар барысында бірқатар олқылықтар да анықталды. Мәселен, Алексей Петров көктемде және жаңбырдан кейін су үй аулаларына кірмеуі үшін жол деңгейін ескеру қажеттігін айтты. Қала әкімі бұл ескертуді ескеріп, тиісті мамандарды тартуды тапсырды.
Одан өзге Жол активтері сапасының ұлттық орталығы да мердігер мен қалалық ТҮКШ бөліміне ескерту жасады.
Мердігер компания "VE Devolopment" ЖШС төрт көшедегі жұмыстарды тамызға дейін аяқтауы керек.