Жабдықталмаған жағажай: ШҚО әкімі мәселені өзі қолға алды (видео)
Өскемен жұртшылығы «котлован» деп атап кеткен демалыс орындары толық жабдықталмаған әрі бұл жерлерде қауіпсіздік шаралары да жасалмаған. Сөйте тұра мұнда келуішілер өте көп. Облыс әкімі Ермек Көшербаев өткен жылы Өскемен қаласының басшылығына осы жақты ретке келтіруді тапсырған болатын. Жағажайлардың жағдайын бақылап көрген аймақ басшысы бұл жұмыс мүлде жолға қойылмағанына көз жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кету керек, жабдықталмаған жағажайлар мәселесі былтыр ғана күн тәртібіне шыққан жоқ. Өскемендіктер котлованға демалысқа баруды талай жылдан бері әдетке айналдырған. Ал қала басшылығы талай жылдан бері бұл мәселеден хабардар болса да, біржақты етуге асығар емес. Тіркелмеген демалыс аймақтарын «айналып» өткеннен гөрі, заң шеңберінде тәртіпке келтіру тиімді болмас па еді. Облыс әкімі халықтың қауіпсіздігіне салғырт қараған қала билігін сынға алды.
Өңір басшысы демалушылармен өзі тілдесіп, талап-тілектеріне құлақ түрген еді. Тұрғындар жағажайдың кемшін тұстарын атап көрсетті.
Тазалық акциялары аясында сенбілік және түрлі іс-шара ұйымдастырған қала әкімдігінің жағажайлардың жағдайына бірде-бір рет назар аудармағаны қала жұртшылығын қынжылтып отыр. Әлеуметтік желідегі әдемі есеп пен нақты істің арасындағы алшақтық тұрғындарды алаңдатса керек. Демалушылар осылай деп дабыл қағып жатыр.
Өзекті мәселеге өзі кіріскен өңір басшысы жағажайды жабдықтау жұмыстарын бірден бастап кетуді тапсырды. Бұл үшін алдымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары судан сынама алып, тексеру жұмыстарын жүргізуге тиіс. Тиісінше нақты тұжырым жасап, ұсыныс тастайды.
Ал төтенше қызмет мамандарына адамдар шомылып жатқан жерлерді зерттеп, қауіпсіздік шараларын қолға алу, арнайы белгілер қойып, шомылатын аумақты шектеу жөнінде тапсырма берілді. Полиция өкілдеріне тұрақты негізде тәртіп орнату, кезекшілік ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Тазалық пен дәретхана мәселесі де дереу шешілуге тиіс. Ал жолды, ең болмағанда, уақытша жөндеуге күш салу қажет. Аталған жұмыстардың жоспарын және есебін жасау облыстық кәсіпкерлікті қолдау және туризм басқармасына тапсырылды. Арнайы комиссияның жетекшісі де аталмыш басқарманың басшысы Ардақ Мәдиев болады.
Комиссия жұмысты жүйелеп, алдағы күндері облыс әкіміне нақты ұсыныс беретін болды.