Обырды емдеуде озық әдістерді қолданады – ШҚО
Қазақстанда өкпе обыры онкологиялық аурулар құрылымында екінші және өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр. Елімізде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінің шамамен 3500 жаңа жағдайы анықталады. Шығыс Қазақстан облысында өкпе обыры онкологиялық аурулардың арасында үшінші орын алады. Осы жылдың алты айында 122 жаңа жағдай анықталды, оның ішінде асқынған түрі 25 пайызды құрап отыр. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында жетекші онколог мамандар обыр дертінің алдын алу, оның алғашқы белгілері және емдеу тактикасы жайында айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өкпенің қатерлі ісігінің басты себептері – темекі тарту, экологиялық фактор да соңғы рөл атқармайды, салауатты өмір салтын сақтамау. Шолпан Боранбайқызы өкпе обыры әйелдерге қарағанда ер-азаматтарда жиірек кездесетінін айтты. Оның басты себебі – шылым шегу. Күніне бір қорап темекі тартатын адамның өкпенің қатерлі ісігіне ұшырау тәуекелі шылым шекпейтін адаммен салыстырғанда 20 есе артық. Алайда әйелдер арасында да өкпе обыры сүт безінің қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр, қыз-келіншектер арасында шылым шегуге құмарлық артып келеді.
Орталықтың онкохирургия бөлімшесінің хирург-онкологы Тілек Нұрғалиев атап өткендей, өкпе обыры өте тез өршитін, бірнеше айдың ішінде асқынып кететін қатерлі ісік. Өкінішке орай, өкпе обыры көбінесе асқынған кезде анықталады. Өйткені ол симптомсыз жүреді. Жөтел, ентігу сияқты белгілерге шылым шегушілер көп мән бермейді. Клиникалық көріністері - қан аралас жөтел, дауыстың қарлығуы, кеуде аймағындағы ауырсыну, ентігу, жүдеулік - аурудың әбден тарап кеткен түрінде анықталады.
Мамандардың айтуынша, өкпенің қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімнің төмендеуіне әкелетін жалғыз дәлелденген диагностикалық әдіс – ол кеуде қуысының төмен дозалы компьютерлік томографиясы. Диагностиканың бұл түрі стандартты флюорографиямен салыстырғанда үлкен артықшылықтарға ие. Осы зерттеудің көмегімен кеуде қуысындағы кез-келген патологиялық өзгерістерді, қатерлі ісіктерді алғашқы кезеңдерде анықтауға болады. Бұл жағдайда пациенттер сәулелік жүктеменің минималды дозасын сезінеді.
Бүгінгі таңда онкологиялық орталықта өкпе обырын емдеудің барлық түрлері қолданылады. Хирургиялық араласу-емдеудің ең радикалды және тиімді әдісі.
ШҚО КОжХО онкохирургиялық бөлімшесінде жетекші шетелдік клиникалардың тәжірибесі бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып кеуде қуысының органдарына операциялар жасалады. Ең озық әдістердің бірі – VATS-бейне-көмекші торакоскопия. Бұл әдіс бір тілік арқылы шағын инвазивті хирургиялық ота жасауға мүмкіндік береді. Бейне- көмекші торакоскопия арқылы метастаздық түзілімдерде өкпенің диагностикалық биопсиясы да жасалады, бұл пациенттің нақты диагнозын анықтауға көмектеседі. VATS хирургиясының басты артықшылығы – науқастар тез оңалады және ауруханада көп болмайды. Көбінесе пациенттер операциядан кейін 1-3 күнде үйге шығарылады.