Қойнауы қайталанбас сұлулыққа тұнып тұрған тау ішіндегі «Дарын» балалар лагерінің думаны мен қызығы кешеден бері тіптен қыза түскен. Таулы Үлбі өзенінің жағасындағы бұл демалыс орнына батыстағы Атырау облысынан бір топ бала демалуға келді.
Бұрнағы күні Атырау облысынан келген 60 ұл мен қыз «Дарын» лагерьінде он күн бойы демалып, өңірдің тамаша табиғатын тамашалап, Өскемендегі тарихи-мәдени орындармен де таныспақ. Балалардың көпшілігі көктемде Атырау облысында болған су тасқынынан зардап шеккен аудандардан келген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Атыраулық балалар лагерьге келіп түскен беті тау-тасқа, қарағай, самырсынға қарап, сарқыраған өзенге қарап, таң -тамаша болысты. Біздің жердің табиғатынан өзге бұл жерде балалардың демалысын жақсы өткізуге барлық қажетті жағдай жасалынып отыр. Қазіргі күні, яғни бесінші соңғы маусымда лагерьде 420 оқушы демалып жатыр. Олардың 350 і «Жаздық жолдама» республикалық жобасымен облысымыздың әр аудандарынан келген оқушылар. Биыл лагерімізге Тарбағатай ауданынан, Атырау облысынан келген балаларға арнап қосымша екі корпус аштық. Биылғы жазда бізде барлығы 1850 бала демалып шықпақ, – дейді Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының директоры Гауһар Рахимжанова.
Батыстан шығысқа келген балалар мәре- сәре. Бірі жаңа дос тауып, бірі жаңа спорт түрін меңгеріп, түрлі үйірмелерге барып, серуендеп, сергіп, Үлбінің жағасында демалып жүр.
Сезім Нұрғали Атыраудан Шығыс Қазақстанға аттанатын күнді асыға күткен көп баланың бірі.
– Атыраудан Астанаға дейін екі күн пойызбен жүріп, Астанадан Өскеменге дейін автобуспен келдік. Өскеменнің жанында, Алтай тауларының ішінде «Дарын» деген осындай тамаша, ерекше демалыс лагері бар екенін көріп, Таулы Үлбінің әсем табиғатын тамашалап екі күннің қалай өте шыққанын да аңғармай қалдым. Тәлімгерлеріміз де өте тамаша адамдар екен. Тағамдары, шығармашылық үйірмелер, студиялар жұмысы, өткізіліп жатқан іс шаралардың бәрі көңілімізден шықты, – дейді Сезім.
Атырау қаласында тұратын Арын Қайыржан көп балалы отбасындағы ортаншы ұл екен. «Үйде бес баламыз, енді алтау боламыз» деген Арын кеше үрлемелі қайықпен Үлбі өзенінің бойымен жүзгендері өзіне ерекше бір шабыт сыйлап, сезімге бөлегенін айтты. Экстремалды спорт түрі бар балаға ұнаған. Арын Алтайға, «Дарын» лагеріне келер жылы да келсем дейді.
– Атыраулық балақайларды, өз облысымыздан келіп жатқан балаларды да «Дарын» лагері табиғатымен таңқалдырып жатыр. Кеше қайықпен Үлбіде жүзгенде таудың тура етегіне тақап барған балалар айрықша әсерге бөленді. «Бұрын бәрі бізге картина, сурет сияқты болып көрінсе, енді сол тау өзенімен жүзіп өттік» деп жатыр, – деп атыраулық балалардың лагерьге келгендегі әсерін жеткізген балалар лагерінің педагог-ұйымдастырушы Әділ Құсайынов лагерьде балалар танымдарын кеңейтіп, ой өрісін дамытып, шынығып, спортты шығармашылықпен ұштастырып жатқанын айтты.