ШҚО-да «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды
Өскеменде «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты сурет байқауының нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі С. Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Адалдық – адамзаттың бейнесі» атты шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 жылдығына орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырған.
Мемлекетіміз дамыған елдердің қатарынан көрінуі немесе тұралап қалуы жастарға тікелей байланысты. Осы орайда аға офицер Гүлнұр Айтқұрманқызы «Алдағы 5-10 жылда еліміздің тағдыры қалай болатыны сіздердің қолдарыңызда» деп студенттерге үндеу жасады.
Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, әділдік пен ашықтықты насихаттау мақсатындағы байқауға қатысушылар қиялдарына ерік беріп, жемқорлыққа қарсы ойларын қыл қаламмен бейнелеген. Студенттер әлеуметтік карикатура жанрына басымдық беріпті. Арасында графика жанры да кездеседі.
Байқау қатысушылары қою қызыл, қара түстерді жемқорлықтың, әділетсіздіктің символы ретінде алған. Суретте қарапайым адамдар, шенеуніктер және сот залынан көріністер бейнеленген.
«Жемқорлыққа жол жоқ!», «Жемқорлық түбі – қорлық», «Нет воровству!» сынды жалынды тіркестер жазылған.
Сурет жарысында 2-курс студенті Элона Стрельникова мен 1-курс студенті Ульяна Берестовская IІІ орын иеленіп, 50 мың теңгенің сертификатын алды. Ал жүлделі I орын алған «SANALY URPAQ» командасына 100 мың теңге табысталды.