Тұрғындар көтерген мәселе: Өскеменде көпқабатты үйдің шатыры толық жөнделді
Өскемен қаласы әкімінің азаматтарды қабылдауы кезінде көтерілген мәселелердің бірі қысқа мерзім ішінде шешімін тапты. Арнайы комиссия көпқабатты үйдің апаттық жағдайдағы шатырын тексеріп, шұғыл жөндеу жұмыстары ұйымдастырылды. Бүгінде шатыр толық қалпына келтіріліп отыр, ждеп хабарлайды Altainews.kz тілшісі
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов азаматтарды қабылдау барысында Л. Тимофеева есімді тұрғын өзі тұратын көпқабатты үйдің шатырына қатысты мәселе көтерген болатын. Қала басшысының тапсырмасымен осы мәселені зерделеу үшін арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізілген.
Тексеру нәтижесінде Назарбаев даңғылындағы №3 тұрғын үй шатырының апаттық жағдайда тұрғаны анықталды. Атап айтқанда, плиталары мен негізгі ригелі құлап, тіреуіштері зақымданған екен.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылданып, демеушілердің қолдауымен жөндеу жұмыстары жұргізілді. Қазір шатыр толық жөнделіп, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды.
Сонымен қатар аула аумақтарының жағдайын бақылау барысында Мыза көшесі, 13 мекенжайындағы аула да тексерілді. Жауапты қызметтерге аула аумағын кеңейту, құлағалы тұрған ағаштарды санитарлық қырқу және кесу, жатақхана қоршауының заңдылығын тексеру, келесі жылы балалар ойын алаңын орнату мәселесін қарастыру тапсырылды.
Қала әкімдігі тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын мұқият назарға алып, олардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.