ШҚО-да тағы бір жаңа әдеби шығарылымның тұсаукесері өтті
14 желтоқсан күні ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекелеу аясында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» жаңа шығарылымының тұсаукесері өтті.
«Абай әлемі» кітаптар топтамасы әдеби жобасы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жоба өлкеміздің өткені мен бүгіні жайлы қалам тербейтін жерлес қаламгерлердің шығармаларын басып шығаруға арналған.
Осылайша, әр жыл сайын республикамызға танымал ақындардың, Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған кітаптар топтамасы мен шығыс өңірінен шыққан, есімі барша елімізге танымал ақын-жазушылардың шығармалары жарық көріп отырды.
Ал, биыл қазақ әдебиетінің классигі, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы сынды үлкен атаумен есте қалмақ. Сондықтан осы жылғы кітаптар топтамасы заңғар жазушының «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» және «Көксерек» повестері, сонымен бірге Әуезовтың оқырмандардың кез келгенінің қолына түсе бермеген жолсапарлар жазбаларынан бастау алады. Сондай-ақ, бұл жобаны Әзілхан Нұршайықов, Талаптан Ахметжан, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Әлібек Қаңтарбаев, Айман Шәріпханова, Ғабдулғазиз Есенбаев, Тоқтар Мағзұмовтың тәрізді танымал жерлес жазушылардың үздік прозалық туындыларымен қатар ақындар Қалқаман Сарин, Генадий Пуссеп және Гүлнар Салықбайдың таңдамалы жыр кітаптары толықтырған.
Шығыс өңірінің рухани бай мұрасын кеңінен насихаттайтын әдеби жоба келесі жылы да жалғасын таппақ.