Қызылшаға қарсы екпе ересектерге де салынатын болды
Қазақстан аумағында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Осыған орай 16 қыркүйектен бастап 20-29 жас аралығындағы ересектерге де иммунизация жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты қызылша дертінің алдын-алу мақсатында еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 7 тамызда бекіткен қаулысына сәйкес, 2019 жылдың 16 қыркүйегінен бастап 20-29 жас аралығындағы адамдарды қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау жүргізіле бастамақ. Бұл жөнінде облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандары хабарлады.
– Көпшілік 20-29 жас аралығындағы адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундаудың не қажеті бар деп ойлауы мүмкін? Еліміздегі қызылша аурушаңдығына талдау жүргізу барысында бір жасқа дейінгі балалардың және 20-30 жас аралығындағы белсенді тұрғындардың арасында дерт көптеп тіркелген соң 20-29 жас аралығы адамдар таңдалды. Жалпы, Қазақстан Республикасында және Өскемен қаласы бойынша 9 айға дейінгі балалар арасында және де 40 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлерге де 2019 жылдың сәуір айынан бастап қосымша иммундау жүргізіле бастады. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қызылша ауруының ошақтарында болған 30 жасқа дейінгі адамдар екпемен қамтылған, – деп хабарлады облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының баспасөз қызметі.
Қоса кетсек, қызылшаға қарсы иммунизацияны жұмыс істейтін және жұмыссыз барлық жастағы тұрғындар, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер, жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, әскери қызметкерлер, ІІБ жеке құрамы және шекарашылар, сотталғандар, 20-29 жас аралығындағы тұрғындар уақытша қарсы көрсетілімнің мерзімі аяқталғаннан кейін алулары қажет. Екпе алу үшін тұрғындар өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі тіркелген емдеу мекемелеріне жүгінулері керек.