Инфекциялық және провизорлық стационарлардың төсек қорының жүктемесі 17% - ШҚО
ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында облыстағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеді.
Шығыс Қазақстанда бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 15 263 жағдайы тіркелген. Инфекциялық және карантиндік стационарларда төсек қорының жүктемесі 17,1% - ды құрайды. Барлығы 3374 инфекциялық және 490 карантиндік төсек-орын бар, 637 адам ауруханаға жатқызылған.
- Сауығуына байланысты инфекциялық стационардан 8 375 адам шығарылды. 4 204 асимптоматикалық вирус тасымалдаушысы үй карантинін аяқтады. Сауығып кеткендердің жалпы саны 12 579 пациентті құрайды, - деп атап өтті Думан Берікұлы.
Айта кетейік, COVID-19 таралу қаупін азайту және байланысқан адамдарды уақтылы іздеу, сондай-ақ оларды оқшаулау үшін медициналық-эпидемиялық бригадалар құрылды, олардың жұмысын облыс әкімінің Ахуалдық орталығы базасында ошақтарды оқшаулау орталығы үйлестіреді.