Риддерде жоғалған тағы бір жасөспірім табылды
27 қыркүйек күні түнгі сағат 23.50 шамасында Риддер қалалық ПБ «102» жедел арнасына жергілікті тұрғындардың бірі жүгінген. Оның айтуынша, Гагарин атындағы мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы, 15 жасар ұлының түстен кейін мектептен шығып, түнгі уақытқа дейін үйіне оралмаған.
- Хабар түсе салысымен жоғалған жасөспірімді іздеуге барлық күштер мен құралдар дереу тартылды. Кәмелетке толмаған баланы іздеу бойынша жұмысты Риддер қалалық ПБ бастығы Қанат Синиязов үйлестірді. Түнде көтерілген жеке құрам бірден тұрғын үй массивін , әр көшені, үйлерді және оларға іргелес аулаларды тексерген. 16 сағат бойы іздеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бала аман-есен табылды, - дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Жасөспірім өзінің досымен бірге көшеде жүрген сәтінен ұсталды. Олар досы екеуі қараусыз қалған үйде отырып, артынша көшеге шыққандары белгілі болды.
Қазіргі уақытта баланың денсаулығына еш қауіп жоқ, ата-анасына тапсырылды.