KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 1 м/с, С
509.94 593.88 6.43

Өскемен қыстың қыспағына төтеп беруде ме?

Кеше, 19:00 73 Базарова Айгүл

Облыс орталығы тағы да қыстың қатаң ырғағына бейімделуге мәжбүр. Қалалық әкімдік қар тазалау жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатқанын жариялағанымен, тұрғындар қардың уақтылы шығарылуы, сондай-ақ жұмыстың сапасына қатысты сын-ескертпелерін жиі білдіруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қаһары қатты қыстың басты қағидасы қарапайым. Сондықтан қалың қар, сары аяз, ақтүтек боранымен абдыратып тастайтын мезгілге қашанда жоғары дайындық болуы тиіс. Қарашаның соңында болған алғашқы боранда коммуналдық қызметтер барлық қолда бар техниканы жұмылдырып, көлік қатынасы мен қауіпсіздікті сақтау мақсатында тәулік бойы тазалау режиміне көшті. Көшелерде автогрейдерлер, аралас жол машиналары, тракторлар, тиегіштер және өзге де техника түрлері жұмыс істеді. Ал экипаждар болса ауысыммен қызмет етті. Басым бағыттар ретінде қар тез жиналатын учаскелер – еңістер, көпірлер, қиылыстар мен қоғамдық көлік бағыттары алынды. Сонымен қатар орталық көшелердегі қарды шығару жұмыстары қатар жүргізілді.

Алайда пайдаланылып жатқан техника мен ауысымдағы жұмысшылардың нақты саны жария етілмейді. Ресми хабарламаларда тек тартылған техниканың түрлері, жұмыс режимі және күштерді бөлу талаптары ғана тілге тиек етіледі.

Коммуналдық қызметтер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге де бірнеше мәрте үндеу жасады.

«Ауа райы жағдайын ескеріп, қауіпсіз жылдамдықты таңдауды сұраймыз… Түсіністік пен қолдау көрсеткен тұрғындарға алғысымызды білдіреміз».

Сондай-ақ, техниканың жұмысына кедергі келтірмеу үшін көліктерді жол жиегінде қалдырмауға шақырды. Бұл – коммуналдық қызметтердің өтініші барлық қозғалыс қатысушыларының мүддесіне сай келетін сирек жағдайлардың бірі.

Қатты жауын-шашын кезіндегі негізгі жұмыстардан кейін жол жиегінде жиналған қарды түнгі ауысымдарда тазалау басталады. Тұрғындардың өтініштері үшін «Таза Өскемен» диспетчерлік қызметі 8 (7232) 53-25-77 және 8 (777) 331-85-36 нөмірлері арқылы жұмыс істейді.

Жолдар мен тротуарларға қандай материал себілетіні – тұрғындар жиі қоятын сұрақтардың бірі. Компания өкілдерінің айтуынша, жаяу жүргінші аймақтарында химиялық реагенттер қолданылмайды. Көктайғақтың алдын алу үшін тек инертті материалдар – құм мен қиыршық тас пайдаланылады. Алдымен адам көп жүретін учаскелер өңделеді. Көшелер мен тротуарлардың жағдайы тұрақты бақылауда, температура күрт өзгерген жағдайда жұмыстар жедел режимде жалғасады.

Тағы бір маңызды жайтқа тоқтала кеткен жөн. Қар қалың жауған кезде көшелерді бастапқы тазалау барысында коммуналдық қызметтер қарды уақытша жол жиегіне ысырып қоюы мүмкін. Соның салдарынан қар үйінділері тротуарларды жауып, жаяу жүргіншілерге арналған кеңістікті тарылтып жатады. Бұл – көлік қозғалысын қалпына келтіруге бағытталған уақытша шара. Алайда мұндай қар үйінділері көбіне бірден емес, келесі күні немесе түнгі ауысымдарда толықтай шығарылатыны белгілі. Әрине, мұндай жағдай жаяу жүргіншілер үшін қолайсыздық туғызбай қоймайды.

Тротуарларға қатысты мәселе де ерекше назарды қажет етеді. Алдымен орталық көшелер, аялдамалар және әлеуметтік нысандарға апаратын негізгі жаяу бағыттар тазаланады. Ал екінші деңгейдегі тротуарлар мен аула ішіндегі жолдар ауа райы тұрақталып, техника қолы босаған сайын кезең-кезеңімен ретке келтірілуі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл талап әрдайым сақтала бермейді. «Алдымен қала жүруі керек, содан кейін ғана жаяу жүргіншіге кезек келеді» деген ұстаным бар, бірақ мұндай тәсіл тұрғындардың көңіл күйіне оң әсер етпейтіні анық.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, өткен жылдың қарашасынан бері қала аумағынан 60 мың текше метрден астам қар шығарылған. Тазалау жұмыстары күн сайын жүргізіліп, оған саябақтар мен скверлер де қамтылып отыр.

– 2025 жылғы 24 қарашадан бастап қар шығару жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін шамамен 60 700 текше метр қар шығарылды. Қаладағы саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Күн сайын санитарлық тазалау, қар тазалау және оны шығару іске асырылады. Сонымен қатар, жолдар мен тротуарларға құм себіледі, – деп хабарлады Өскемен қаласының әкімдігі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қысқы тазалау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ қаланың шет аймақтары мен жеке секторды назардан тыс қалдырмауды тапсырған болатын. Тұрғындармен өткен кездесуде қардың уақытында тазаланбауы, көктайғақтың көптігі және негізгі көшелерден тазаланған қардың аула кіреберістеріне үйілуі секілді мәселелер көтерілген еді. Сол жиында өңір басшысы коммуналдық қызметтердің қаржылық жағдайын сауықтыру бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Егер бір жарым жыл бұрын «Таза Өскемен» мекемесінің қарызы 2 миллиард теңгеден асса, бүгінде ол екі есеге азайған.

Аталған кездесуде алдағы жоспарлар да нақтыланды. 2026 жылдың басында 25 бірлік арнайы техника сатып алу көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Азия Авто» ісі бойынша сот шешімінен кейін өңірге шамамен 40 арнайы техника келуі мүмкін. Қала әкіміне шет аймақтар мен жеке сектор көшелерін ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. Негізгі көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аудандарына басымдық беру басқа аумақтардың назардан тыс қалуына жол бермеуі тиіс.

Жалпы алғанда, маусымдық тазалау жұмыстары үш негізгі бағыт бойынша атқарылады: боран кезінде тәулік бойы жұмыс істеу, күнделікті тазалау мен қар шығару (саябақтар мен скверлерді қоса алғанда) және инертті материалдар арқылы көктайғақтың алдын алу. Әрине, тұрғындар тротуарлар, аулалар, тар өткелдер мен жеке сектор сияқты «әлсіз тұстарда» нүктелі әрі жедел шаралар күтетіні анық. Егер жоспарланған техника уақытында алынып, жеткізілсе, Өскемен алдағы борандарды «шыдап өткізу» емес, «жүйелі түрде тазалау» деңгейінде қарсы алуға мүмкіндік алады. Себебі табиғаттың тосын мінезіне жауап қағаз жүзінде емес, нақты көшелерде көрінуі керек.

Бұл маусымда коммуналдық қызметтердің жұмысына ауа райының өзі де белгілі бір деңгейде қолайлы болып отыр. Жекелеген борандар болғанымен, жалпы қар мөлшері қалыпты деңгейде, ұзаққа созылған кезеңдер байқалмады. Температураның ауытқуы да өз әсерін тигізіп, күндіз қар мен мұздың бір бөлігі еріп, жиналуды азайтып отыр. Бұл механикалық тазалау жұмыстарын жеңілдетіп, қызметтердің тек «қуып жету» режимінде емес, жоспарлы түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Қатты әрі тұрақты аяз жағдайында мұндай мүмкіндік болмас еді, ал қазіргі ахуал қалаға жағдайды біршама ретке келтіруге уақыт беріп отыр.


Дамир Омаров 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу