Зайсан ауданында екі ірі спорт нысаны іске қосылды
Бүгін Зайсан ауданында бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беретін екі ірі жоба іске қосылды. Жарсу және Айнабұлақ ауылдарында заманауи талаптарға сай салынған екі бірдей спорттық модуль ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарсу ауылындағы нысан мектеп іргесінде орналасқан. Бұл – жасөспірімдердің жүйелі түрде спортпен шұғылдануына, ал сабақтан кейін ауыл жастары мен тұрғындарының дене шынықтырумен айналысуына зор мүмкіндік береді. Айнабұлақтағы жаңа спорт кешені де ауыл өміріне жаңа серпін бермек. Екі нысан да бір қабатты, екі блоктан тұрады. Яғни, ангар үлгісіндегі кең спорт залы және кірпіштен тұрғызылған әкімшілік-тұрмыстық бөлігі бар.
Аймақ басшысының айтуынша, Жарсудағы нысан мектеп балансына беріліп, күндіз – оқушыларға, кешкі уақытта – ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бір мезгілде сексеннен астам адам жаттыға алады. Мұнда медициналық кабинет, душ, киім ауыстыратын бөлмелер, оқу және дайындық кабинеттері толық қарастырылған. Айнабұлақтағы спорт модулі де ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндік есігін ашып отыр.
Спорттық модульдер ойын бағытындағы спорт түрлеріне және күрес секцияларына арналған. Әкімшілік-тұрмыстық блокта ерлер мен әйелдерге арналған бөлек киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар, душ кабиналары және қосалқы бөлмелер бар. Нысандардың жалпы аумағы – 853,1 шаршы метр. Оның 556,9 шаршы метрі – спорт залы, 296,2 шаршы метрі – тұрмыстық үй-жайлар. Бір ауысымда тоқсанға жуық адам спортпен айналыса алады. Оларға қызмет көрсету үшін штат бойынша алты маман қарастырылған.
Ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарын сапалы атқарған «СМУ-Шығыс» ЖШС ұжымына алғыстарын білдірді. Компания бір жыл ішінде екі нысанды толық аяқтап, қолданысқа дайындап берген.
Спорт залдары екі секцияға бөлінген – ойын спорт түрлеріне арналған және күреске арналған аймақ. Олар қажеттілікке қарай мобильді қалқамен бөлінеді. Бір ауысымда 28 адамға дейін қабылдай алады.
Жаңа нысандар – тек спорт инфрақұрылымын дамыту емес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған маңызды қадам. Бұл – өңірдегі спорттық қозғалыстың жаңа тынысы, ауыл балаларының үлкен арманға жол ашатын тағы бір мүмкіндік.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жалғас Сакадиев








