Жигули Дайрабаев: субсидиялау жүйесін өзгерту қажет
Жигули Дайрабаев Павлодар облысы Екібастұз қаласының базарына барып, аймақтық азық-түлік нарығындағы жағдаймен танысты.
Сатушылармен, сатып алушылармен және өнім жеткізушілермен кездесіп, пікірлерін тыңдады.
Сатып алушылар тарапынан бағаларға қатысты көптеген сұрақ болды. Негізінен бағаның тұрақсыздығы, тауардың қымбаттығы туралы айтылды. Сатушылардан отандық тауар өндірушілерден тауарларды жүйелі түрде жеткізу жоқ, сондықтан импорттық дайын өнімдермен жұмыс істеуге тура келеді деген шағым болды.
«Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп. Мемлекет шаруаларды ынталандыру үшін бәрін жасауы тиіс, сонда өнім көлемі мен сапасы артады. Ол үшін мемлекеттік қолдау жүйесін, оның ішінде әсіресе ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін өзгерту қажет. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыруды ынталандыруға бағытталуы тиіс. Субсидия түпкілікті өнімге төленуі керек», – деді Жигули Дайрабаев.
Бұдан кейін кандидат ақсақалдар кеңесімен кездесті.