KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 5 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Азия кубогы үшін жарыста тағы екі жерлесіміз жүлдеге ие болды

24.07.2019, 11:20 298

Ақтауда өткен дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогында тағы екі жерлесіміздің қанжығасы майланды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Екі күнге созылған додаға азиялық дзюдошылармен қатар, Еуропа елдерінен келген татами шеберлері де қатысты. Жалпы алғанда, додада Әзірбайжан, Гонконг, Иран, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстанның атынан барлығы 175 спортшы бақ сынады. Арасында шығысқазақстандық дзюдошылар да болды.

Солардың бірі – жарыстың алғашқы күні 73 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Барыс Қуан доданың қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.

Ал екінші жарыс күні жерлестеріміз ел құрамасының қоржынына бірден екі жүлде салды. Атап айтсақ, 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Анна Казюлина турнир жеңімпазы атанса, Зере Бектасқызы (70 келі) үшінші орыннан көрінді. Осылайша, құрлықтық бәсеке қорытындысы бойынша Шығыстың ұл-қыздары үш жүлдеге ие болып, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық екінші орынға көтерілуіне септігін тигізді. Осы ретте Азия кубогы үшін жарыста отандастарымыз төрт алтын, екі күміс және 10 қола жүлде жеңіп алғанын айтқан орынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу