KZ
Өскемен
-7°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Семей спорт академиясының спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп жатыр

17.10.2019, 06:27 271

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының спортшылары бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды, жүлдегер болды. Күні кеше Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер және жастар арасында Азия Кубогы өткен болатын. Аталған додада академияның спортшылары бақ сынап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жастар арасында жарыс жолына шыққан Жанасыл Әнуаров 73 келіде, қыздар арасында Зарина Сарипова 57 келіде алтын алса, 81 келіде Қуаныш Ратаевқа қоладан жүлде бұйырды.

Қырғыз еліндегі жеңісті күндер Өзбекстанда жалғасын тапты. Ташкент қаласында самбо күресінен жастар және жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының қос спортшысы күміс және қола жүлдеге ие болды. Жасөспірімдер арасында сынға түскен Есентай Имаханов 60 келіде күміс, Шалқыбек Рахметоллаев жастар арасында 74 келіде қоладан медаль тақты.

Есентай мен Шалқыбекті спорт академиясының бапкерлері, спортшылары Семейдің теміржол бекетінен күтіп алды. Есентай ақтық белдесуде орыс балуанымен жол түйістіріпті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Қарсыласының бағы шауыпты. Есентай бар жоғы 1:0 есебімен ұтылған. Ал Шалқыбек қолаға таласқанда әзірбайжандық қарсыласын қапы қалдырған. Айта кетейік, қыркүйек айында Үндістанның Нью-Дели қаласында самбо күресінен өткен Азия чемпионатында Есентай Имаханов алтыннан алқа тақса, Шалқыбек Рахметоллаев үздік бестіктен көрінді.

Әлбетте, спортшылардың жеңісі бапкердің біліктілігіне байланысты. Бұл ретте Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының директоры Мерейғалы Көшкінов бастаған бапкерлердің еңбегін айта кету ләзім. Ташкент төрінде өткен әлемдік додаға спортшыларды Мерейғалы Қойшыбекұлының төл шәкірттері - Қайрат Күнсафин мен Біржан Имаханов баптап апарған еді.

 

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академясының баспасөз қызметі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу