KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
443.72 482.28 4.9

"Торпедо" күнібұрын чемпион атанды

15.02.2021, 15:31 243

Өскемендік «Торпедо» «Снежные барсы» командасымен өткен ойында биылғы маусымдағы кезекті, 37-ші жеңісін тойлады. Осылайша, біздің команда күнібұрын ел біріншілігі аясындағы тұрақты чемпионаттың жеңімпазы атанып қойды.
Дәл қазір, яғни 42 ойыннан кейін Олег Болякин жаттықтыратын команданың қоржынында 108 ұпай бар. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, екінші орындағы «Теміртау» 40 кездесуден кейін 81 ұпай жинаған. Демек, теміртаулықтар тұрақты чемпионат аясындағы қалған сегіз ойынның барлығында қарсыластарынан басым түскеннің өзінде, өскемендіктерге жете алмайды.
Ал «Торпедоны» уақытынан бұрын чемпион атандырған жеңіс Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Елордада жергілікті «Снежные барсы» командасымен екі кездесу өткізген өскемендіктер қос матчта да айқын басымдықпен жеңіске жетті. Айдын иелерін алдымен 6:1 есебімен ойсырата ұтқан «торпедолықтар» қарымта ойында «қар барыстарының» қақпасына сегіз бірдей шайба соқты. Қорытынды есеп 8:1.
Еске салайық, еліміздің бас қаласына аттанбас бұрын жерлестеріміз өз айдынында «Сарыарқамен» екі ойын өткізген болатын. Бұл матчтар да «Торпедоның» жеңісімен аяқталды. Біздің команда бітіспес қарсыласы саналатын қарағандылық ұжымды бірінші ойында 4:2, артынша 5:2 есебімен тізе бүктіріп, тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді.
Енді «Торпедо» тұрақты чемпионат аясында алты кездесу өткізіп, одан кейін плей-офф кезеңіне дайындықты бастайтын болады. Өкінішке қарай, биылғы плей-офф «Алтай Торпедосыз» өтпек. Өскеменнің екінші командасы тағы да сүрініп, келесі кезеңге өту мүмкіндігінен түбегейлі айырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив