KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
498.34 519.72 4.85

"Торпедо" жеңілсе де көш басында қалды

30.11.2020, 11:16 159
Шайбалы хоккейден ел біріншілігінің кезекті екі турында өз айдынында Нұр-Сұлтанның «Номадымен» шеберлік байқасқан «Торпедо» бұл ойындардың бірінде жеңіске жетіп, енді бірінде қарсыласына жол беруге мәжбүр болды.

Айта кетейік, қазір аталған екі ұжым чемпионаттың алғашқы екі орнында орналасуда. Көш бастап тұрған «Торпедоның» қоржынында 40 ұпай бар болса, өскемендік командадан екі ойын артық өткізген «Номадтың» еншісінде 38 ұпай.

Ел біріншілігінің үздік қос командасы арасындағы екі ойын да тартысқа толы болды. Мәселен, бірінші ойындағы есепті қонақтар ашты. Шайба шабуылшы Батырлан Мұратовтың еншісіне жазылды. Дегенмен, бұдан кейін қарқынын үдеткен айдын иелері үш бірдей шайба соғып, кездесуді өз пайдасына аяқтады. Нәтижелі соққылардың авторлары – Александр Меньщиков, Валерий Гурин мен Александр Шин.

Қарсыластар арасындағы қарымта ойында да алғашқы болып елордалық хоккейшілер көзге түсті. Данияр Саматтың бұл шайбасына жерлестеріміз команда капитаны Александр Шиннің көмегімен жауап беріп, таразы басын теңестірді. Алайда, бұдан артыққа «торпедолықтардың» шамасы жетпеді. Матчтың негізгі уақытының аяқталуына шамамен үш минут қалғанда «Номадтың» қорғаушысы Мадияр Ибрайбеков көзге түсіп, қонақ командаға жеңіс әперді. Қорытынды есеп 1:2.
Келесі ойынын «Торпедо» бүгін кешке өз айдынында Көкшетаудың «Арланымен» өткізеді.
Тағы бір өскемендік ұжым «Алтай Торпедо» өткен турларда қос бірдей жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды. Ел астанасынан келген «Снежные барсы» командасын 4:1 және 7:0 есебімен талқандаған Виктор Богатыревтың шәкірттері 24 ұпай жинап, жетінші орынға көтерілді. Енді өскемендік команда Рудныйдың «Горнягімен» кездесуі тиіс. Бұл ойындар 3 және 4 желтоқсан күндері ойналады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу