«Торпедо» қатарынан бесінші ойында жеңіске жетті
«Торпедо» жеңістер сериясын бес ойынға дейін ұзартты. Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясындағы кезекті кездесуін қонақта елордалық «Номадпен» өткізген өскемендік ұжым 3:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жолғы матчтың негізгі және қосымша уақыттары 2:2 есебімен аяқталғанын, жеңімпаз ойын соңындағы буллиттер сериясында анықталғанын айта кету керек. Еске салайық, қарсыластар осыдан бірер күн бұрын Өскеменде шеберлік байқасып, ол матчта да торпедолықтардың мерейі үстем болған-тын. Есеп 3:2.
Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс-Арена» кешенінің мұз айдынында өткен екінші ойындағы есепті кездесудің 25-ші минутында «Торпедоның» тәжірибелі шабуылшысы Денис Игнашин ашты. Бұған айдын иелері 10 минуттан кейін Валерий Гуриннің дәл соққысымен жауап қайырды. Дегенмен, үзіліске дейін «Торпедо» хоккейшілері тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Көзген түскен – Иван Исаев.
Соңғы жиырмаминуттықта таразы басы қайта теңесті. Матчтың 56-шы минутында Ярослав Евдокимовтың қанжығасы майланды. 2:2. Бұл есеп буллиттер сериясына дейін өзгерген жоқ. Ал матч соңындағы лотереяда өскемендік хоккейшілердің жолы болды. Ойындағы жеңіс шайбасын шабуылшы Дмитрий Гренц соқты.
Қазір қоржынында 63 ұпайы бар «Торпедо» турнир кестесінің жетінші сатысында орналасуда. Келесі кездесуін жерлестеріміз Ханты-Мансийск қаласында жергілікті «Юграмен» өткізеді. Бұл ойын 11 ақпан, сейсенбі күні ойналады.