Сақинаның қауіпті қару болғанын білесіз бе?

Фото: apetogentleman
Көшпенділер заманында сақина «адам өлтіруге арналған» құпия қару болған. Ондай сақиналарды ең сенімді әрі ең мықты ұсталар тапсырыспен соғады екен.
Біз қазір сақинаға сәндік бұйым ретінде ғана қараймыз. Шындығында оның біз білмейтін құпиясы көп. Байырғы көшпенді бабалар сақинаны қауіпті қару түрінде пайдаланып келген. Жалпы сол замандағы ұсталар мен қолөнершілер сәндік бұйымдарды ғана емес, жауынгерлік киімдерді, қауіпті қаруларды жасаған. Осындай қарулардың бірі – сақина.
Қолөнершілер сақина жасаған кезде ішіне бос орын қалдырып кетеді. Сақина иесі сол бос орынға уды тығып сақтап жүреді де, қажетті кезінде дұшпанының қымыз толы кесесіне немесе тамағына уды салып жіберетін болған.
Бұдан бөлек халық арасында «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы» деген нақыл сөз бар. Өйткені бұрынғы заманның келіндері тамақ істегенде саусағынан күміс сақинасын тастамайды екен. Оның себебі күмістің тамақты бұзылудан сақтайтын, микропты жоятын қасиеті барын бабалар білген.
Сондай-ақ ел аузында бұрынғы билер мен хандар ұсынылған қымызды ішпес бұрын сақинасын салып тексеріп отырады дейтін де әңгіме бар. Себебі қымызға у қосылған болса күміс сақинаның түрі өзгеріп шыға келеді екен деседі.