Зейнеткердің зергерлік бұйымдарын ұрлап кетті – Өскемен
Наурыз айының басында Өскемен қ. ПБ Үлбі полиция бөліміне «102» жедел арнасына 66 жастағы зейнеткер жүгініп, зергерлік бұйымдардың ұрланғанын хабарлаған.
Анықталғандай, сол күні оның үйіне осыған дейін таныс емес ер адам кіріп, шкафта тұрған алтын жүзік, күміс алқа, моншақ, күміс сырға, бижутерияларды ұрлап кеткен. Зейнеткерге келтірілген материалдық шығын 85 000 теңгені құрады.
- Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері бұрын сотталған 30 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, ол ұрланған мүлікті ішінара беріп, ұрлықты жасағанын мойындады, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызмет.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.