Тарбағатайда медициналық туризм дамып келеді
Фото: depositphotos.com
Денсаулығы сыр берген жан дертіне дауа, еміне шипа іздеп ауылдан қалаға сабылатын. Алайда, соңғы жылдары шалғайда жатқан Тарбағатай жұртының облыс орталығына қатынауы да қиындап кеткен. Ұзақ жылдар бойы көпшіліктің жанына батқан Омбы-Майқапшағай жолында науқас түгілі, сау адамның жол жүруі үлкен мәселеге айналғаны рас.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан медицина саласын, оның ішінде ауыл медицинасын дамытуға баса назар аударылған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Содан бері ілкімді іс шаралар дереу қолға алынып, ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті сезіне бастаған сыңайлы. Себебі аурухана түгілі стационар да жоқ, ақ халатты жанға зәру шалғай жатқан кейбір ауылдарда медициналық мекеме бой көтеріп, қажетті құралдармен толық қамтамасыз етіле бастады. Тарбағатай ауданында бұл тұрғыдан қарқынды жұмыстан атқарылып жатыр. Былтыр 6 ауылда салынған заманауи медициналық пункт бұл сөзімізге дәлел бола алады.
Ал, биыл тағы үш ауылда медициналық пункт салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жаңа нысанның құрлысы басталып кетіпті.
Биыл Тарбағатайда денсаулық сақтау саласындағы 4 жобаны жүзеге асыруға 1 043,9 млн.тг қаражат бөлініпті. Оның ішінде 453,9 млн теңгеге аудандық ауруханаға компьютерлік томография (КТ) аппаратын орнату жоспарлануда. Аудан басшысының айтуынша, бұл заманауи қондырғы арқылы медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік туындайды.
Сондай-ақ Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде жоспарланыпты. Алайда, әкімдік өкілдері мөлшерленген қаражат әлі бөлінбегенін айтады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың аяғында аудандық аурухананың перзентхана бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи құрылғылармен жабдықталған болатын. Бұл күнді тарбағатайлықтар көп күткені рас. Себебі бұған дейін жүкті әйелдерге облыс орталығына баруға тура келетін. Қазір алыс жол жүрмей-ақ соңғы үлгідегі, ІІ дәрежедегі, заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған перзентханада сәбилерін бауырына баса алады. Адам жанының арашасы саналатын дәрігерлер де алыс-жақын шетелдерден біліктілігін арттырып келіп жатқан көрінеді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Қарайған жұрттың дені сау болса, елдің ертеңі де баянды болмақ.