Экологияға алаңдаушылық танытқан оқушылар қала әкімімен кездесті - Өскемен
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар экологиялық белсенділікке қызығушылық танытқан оқушылармен кездесті, деп хабарлайды Алттайньюс тілшісі.
Облыс орталығында бүгінгі күні ерекше назар аударатын мәселелердің бірі – қоқыс тастау, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәселесі болып отыр. Осыған орай, жақында қала әкімі Жақсылық Омар «Таза қала» атты бағдарлама қабылдағанын жазған болатынбыз.
- «Таза қала» бағдарламасы аясында қаламызда қоқыс сұрыптау зауыты салынған болатын. Енді сол зауыттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін әр тұрғын өз жауапкершілігін біліп, қоқыс сұрыптауды қолға алуымыз керек. Сол міндеттердің әр адамға түсіндіру үшін осындай кездесулер сериясын бастадық. Алдағы уақытта осындай кездесулер әр түрлі адамдармен болады. Алғашқы кездесу экология мәселесіне алаңдаушылық танытқан оқушылармен болды. Бұл жастар бүгінгі естігенін, білгенін отбасына, достары мен құрбыларына айтып түсіндіруі керек. Сонда ғана жұмысымыздың нәтижесі көрінеді, - дейді қала әкімі.
Алдымен қала басшысы оқушыларға қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәселесі мен «Таза қала» бағдарламасы аясындағы жоспарларын түсіндіріп, артынша олардың дайындап әкелген видеореоликтерін тамашалып, ойын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
- Мен 2 жылдан бері экология тақырыбына қызығушылық бірлідірп, түрлі жобалар дайындап, оларды облыстық, республикалық деңгейде қорғап жүрмін. Менің ойымша, табиғатты қорғау әр адамның міндеті. Қоршаған ортамыздың таза болуы өзімізге байланысты. Сондықтан қоқысты сұрыптауға, оларға екінші өмір беруге барлығымыз бірдей атсалысуымыз керек, - дейді Ш.Уалиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Бауыржанова Данира.
Шара соңында шаhар басшысы келесі аптада оқушылармен бірге жаңадан ашылған қоқыс сұрыптау зауытына баруға уәде берді.