KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1,4 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Шығыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай?

11.09.2020, 11:06 112

Облысымызда жылыту маусымының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Десек те, халық отын сатып алуға әлі де асығар емес.

Мәселен, Өскемендегі көмір қоймаларында сатып алушылардың анау айтқандай белсенділігі жоқ бүгінде. Осыған байланысты, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тұрғындарды осы бастан қамданып, қажетті отын мөлшерін ертерек сатып алуға шақыруда.

– Көмірдің бағасы сәл қымбаттағанын айтқым келеді. Мұндай қадамға теміржол тарифтерінің өсуіне байланысты баруға мәжбүрміз. Осыған дейінгі көмірдің бір тоннасының бағасы 9 300 теңге болса, қазіргі құны 9 600 теңгені құрайды, айырмашылығы – 300 теңге. Ал әлеуметтік көмірді 9 050 теңгеден сатып жатырмыз. Рас, биыл жылдағыдай ажиотаж жоқ. Бәлкім, бұл ауа райына байланысты болар. Әлде тұрғындардың көмір сатып алатындай қаражаты жоқ па екен, кім білсін?!. Әйтеуір, халық бұл мәселеге келгенде сылбырлық танытып отыр. Осы ретте, жерлестерімізді тағы бір мәрте қысқа ертерек қамдануға шақырамыз. Себебі, қара суық түскенде бұл жерде ұзын-сонар кезек пайда болуы ықтимал, – дейді көмір сатумен айналысатын «Сейком» ЖШС-ның директоры Николай Кондратьев.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл аймақ бойынша көмірге деген жалпы қажеттілік 1 миллион 123 мың тоннаны құрауда. Бүгінге дейін қатты отынның 62 пайызы межелі жеріне жеткізілген.

Облыс орталығындағы №4 қазандықтың жылу энергиясы өндірісінің директоры Владимир Кедрунның айтуынша, қазіргі уақытта қаланың жылыту нысандарындағы көмір қоры 28 мың тонна шамасында екен.

– Қатты отынды екі қоймада сақтаудамыз. Дәлірек айтсақ, бүгінде Жібек маталар комбинаты ауданындағы №2 қазандықтың орталық қоймасында 23 мың тонна көмір бар болса, тағы бес мың тоннаны Аблакеткадағы №3 қазандықтың қоймасына орналастырдық. Жалпы, нормативтік құжаттарға сәйкес, жылыту нысандарындағы қатты отын қоры кем дегенде 20 тәулікке жетуі тиіс. Тәулігіне орта есеппен 420 тоннаға жуық көмір жағатынымызды ескеретін болсақ, онда қолымызда 67 тәулікке жететін қордың барын аңғарамыз. Бұл қазіргі қорымыз қажетті мөлшерден үш есе артық дегенді білдірсе керек, – деп мәлім етті В.Кедрун.

Ал осы №4 қазандықтың бастығы Михаил Коротков жылыту нысаны қысқы маусымға жүз пайыз дайын екенін айтуда. Яғни, Өскемен қаласы алдағы жылыту маусымына сақадай сай деуге толық негіз бар.

Айта кетейік, биыл еліміздегі жылыту маусымы әлеуметтік нысандар үшін 1 қазанда ашылса, тұрғын үйлер 15 қазаннан жылытыла бастауы тиіс-тін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив