Аягөзде атқарылған жұмыс көп
2020 жылдың 14-тамыз күні ШҚО әкімінің орынбасары Б.Байахметов Аягөз қаласына іс-сапармен келді. Сапар барысында бірнеше тағайындаулар болды. Атап айтсақ, Аягөз ауданының жаңа әкімі болып аудандық мәслихатының хатшысы Сейілбек Абұиырұлы Ысқақов тағайындалды.
Іс-сапар барысында, облыс әкімінің орынбасары Б.Байахметов ауданымызға жаңадан тағайындалған әкім С.Ысқақовпен қалада бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарының жұмысын бақылап қайтты.
Алғашқы нысанның бірі «НҰРЛЫ ЖЕР» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылдың маусым айында бастау алған 2 бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы болды. Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары мердігер компания өкіліне құрылыс сапасының нашарлығы туралы ескертулер жасады. Үйдің жалпы ауданы 9038,8 ш.м. құрайды, оның ішінде 1 бөлмелі пәтерлер саны – 40, 2 бөлмелі пәтерлер саны – 40 дана, 3 бөлмелі 40 пәтер болады.
Құрылысы аяқталуға жақын қалған тұрғын үйдің пайдалануға беру уақыты 2020 жылдың 30 тамызына жоспарланған.
Одан бөлек, ауданаралық аурухана ғимаратындағы II деңгейлі инсульт орталығының және биылғы жылы жөндеуден өтіп, медициналық техниканың соңғы үлгідегі заман талабына сай диагностикалық және емдеу жабдығымен жабдықталған ангиографиялық бөлімнің жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Б.Байахметов 2020 жылдың маусым айында бастау алған «Аягөз политехникалық колледжі» студенттеріне арналған жатақхана құрылысымен танысты.
Бұл нысанның құрылысы ШҚО білім басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда. Жатақхана құрылысы аяқталғанда политехникалық колледжі қабырғасында білім алып жүрген 390 студенттің басқа аудандар мен ауылдық округтерден келген 104 студентті баспанамен қамту жоспарлануда. Жатақхананың жалпы ауданы: 2902,56 шаршы метрды құрайды. Жатақхана құрылысын пайдалануға беру 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.