COVID-19: "Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды" - министрлік
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты жұқтыру өсімінің тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.
"Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетті толықтай орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десе болады", - деді министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндет – індетті жұқтыру мен өлімді тоқтату.
"Осы ретте барша қазақстандықтарды санитарлық ережелерді орындауға шақырамыз", - деп атап көрсетті Қожахмет.
Министрлік өкілі бүгіннен бастап әрбір дүйсенбі сайын брифинг өткізетінін де жеткізді. Осылайша, денсаулық сақтау министрлігі арқылы халықтың үнін тыңдайтын мемлекетті көрсеткіміз келеді дейді.
Айта кетейік, соңғы тәуліктің ішінде республика бойынша коронавирус жұқтырған 741 адам тіркелді. 23 науқас қайтыс болды. Жалпы, осы уақытқа дейін 99 442 қазақстандық коронавирусқа шалдыққан. Осы уақытқа дейін 1 269 науқас көз жұмды.