Балалардың жазғы демалысы онлайн форматта өтеді
ШҚО-да балалардың жазғы демалысы эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өткізілмек, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мұндай форматтағы демалыс елімізде көктемгі демалыстарда қолданылған екен. Осы мақсатта ШҚО Білім басқармасы @shko_online_kanikuly деп аталатын Instagram-аккаунт ашты. Балалардың жаз мезгіліндегі бос уақытын ұйымдастыруға қосымша білім беру мекемелерінің ұстаздары тартылды. Барлық тақырыптық жаттығулар мен іс-шаралар Білім және ғылым министрлігімен бекітілген.
Бағдарлама төрт бағыттан тұрады: таңғы жаттығулар, мастер-класстар, танымдық және зияткерлік сағаттар мен кешкі іс-шаралар. Балалар күнделікті интерактивті үйірмелерге, спорттық жаттығуларға, онлайн-квест, мастер-класс, шығармашылық конкурстар, викториналар, виртуалды экскурсияларға қатысып, виртуалды клубтарда кітап оқып, фильм көреді, онлайн-театр қойылымдары мен концерттерді тамашалайды, сондай-ақ, тәлімгерлермен видеочатта әңгімелесе алады.
Онлайн форматтағы жазғы демалыс 30 тамызға дейін жалғасады. Оқу жылының басында қорытынды шығарылып, ең белсенді қатысушылар мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталады.