Қазақстанда білім грантына құжат қабылдау мерзімі ұзартылды
Қазақстанда білім грантына құжат қабылдау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігі елдегі карантин режімін ескере отырып, білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартты. Енді мектеп түлектері 20 шілдеге дейін емес, 25 шілдеге дейін құжат өткізе алады. Талапкерлер Egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы мына құжаттарды тапсырады:
өтініш;
білімі туралы құжат;
жеке куәлік көшірмесі.
Айта кетейік, қазір медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді. Сондай-ақ биыл ҰБТ сертификаттары электронды форматта берілгені белгілі. Бірақ оны Egov.kz-ке жүктеудің қажеті жоқ, өйткені сертификат жүйеде автоматты түрде пайда болады.
Конкурс нәтижесі бойынша мемлекеттік гранттың берілгені туралы электронды сертификат ұсынылады. Яғни талапкерлер қағаз сертификат алу үшін ешқайда бармайды.