Тарбағатай ауданының әкімі науқастарды табиғи өніммен қамтамасыз етті
Тарбағатай ауданының әкімі ауруханада жатқан науқастарға иммунитет көтеретін табиғи әрі таза азық-түліктер апарып берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Серікқазы Сәдуақасов барша аудан тұрғындарына үндеу жолдап, коронавирус жұқтырған науқастардың тез сауығып кетуіне атсалысуға шақырған еді.
- Бүгінгі таңда ем алып жатқан науқастарымызға сіз бен біздің жан-жақты қолдауымыз аса қажет. Әрине, бұл күрделі жағдайда ақ халаттыларымызға екі есе салмақ түсіп отырғанын баршаңыз сезіп-біліп отырсыздар. Дәрігерлеріміз уақытпен санаспай, тиісті ем-шаралардың бәрін атқаруда. Осы тұрғыда қай салада жүрсек те, қандай кәсіптің иесі болсақ та біздер аудан тұрғындары, бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып, осы індетке тойтарыс беретін уақыт келді. Осыған байланысты мынадай игі бастаманы қолға алдық. Ең бірінші, науқастарымыздың сырқатқа қарсы иммунитетін көтеру қажет. Сондықтан, әр азамат өз еркімен, шын ниетімен ауруханада ем алып жатқандарға ет, сүт, шұбат, айран, қымыз, құрт секілді табиғи таза өнімдерді ретімен жеткізіп отырса деген тілек бар, - дейді әкім.
Өзі ұсынған бастаманы елдің алды болып іс жүзінде қолға алып отыр. Ол Ақсуаттағы Тарбағатай аудандық орталық ауруханасында, Ақжардағы ауданаралық ауруханада «Covid-19» инфекциясымен, пневмониямен (өкпе қабынуы) сырқаттанып, емделіп жатқандарға күш-қуат болсын деген ниетпен қымыз, ет, құрт және тағы басқа табиғи өнімдер жеткізді.