Өскемендіктер су трамвайларына сыймай жатыр
Өткен сенбіде Өскеменді көктей өтіп жатқан Ертіс өзенінің айдынына серуендеуге арналған шағын кемелер шықты. Қала тұрғындары қайықта серуендеуге қатты қызығушылық танытуда. Осыған дейін автобус аялдамасы ретінде аты ғана қалған Өзен вокзалы «өз қалпына» келіп, тіршілігі түрлене бастады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Су трамвайлары Өзен вокзалынан қозғалып, Кемежайға қарай өрлеп, «Ғашықтар» аллеясының тұсынан кері бұрылып, «Самал» саябағына дейін барады. Саябақта айлақ енді салынады, «Гидросталь» зауытында дайындалып жатыр. Сол себепті әзірше катерлер бірден кері қайтып, Өзен вокзалына оралады. Жолаушылар шамамен бір сағат уақыт суда сейіл құрады. Қазір «Қарлығаш», «Шағала», Жұлдыз» атты үш шағын кеме қатынайды. Әрбіреуінің бортына шамамен 20-30 адам шыға алады. Алайда шағын кемелер жолаушылар саны жеті-сегізге толса, айдынға шыға беретін көрінеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірдің өзінде катерге мінемін деп кезек күткендер көп. Өткен демалыс күндері шамамен 500 адам суда серуендеуге келген екен. Сондықтан алдағы уақытта қала қонақтарының қатары көбейсе, үш қайық аздық етеді дейді.
Жұмыс күндері алғашқы рейс Өзен вокзалынан 10:00-де, соңғысы 20:00-де жүреді. Яғни серуен түнгі 21:00-ге дейін жалғасады. Демалыс күндері катерлер 9:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Соңғы рейс 20:00-де.
Су-серуен ересектер үшін 2500 теңге, 7-15 жас аралығындағы балалар үшін 1500 теңге. Жеті жасқа дейінгі балақайлар ен-тегін серуендейді. Айта кету керек, қазір Start акциясы жүріп жатыр. Яғни әзірше ересектер 2000 теңгемен, балалар 1200 теңгемен бортқа міне алады. Сондай-ақ кемелерді сағаттап жалға алуға болады. Төлем кассада қолма-қол ақшамен де, банк картасы арқылы да қабылданады.