ШҚО-да COVID-19 індеті анықталған науқастың жағдайы ауыр
ШҚО-да COVID-19 індеті анықталған екі науқастың бірінің жағдайы ауыр. Бұл туралы денсаулықсақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан онлайн баспасөз конференциясында айтты.
Айтуынша, облыста коронавирусты тексеруге 212 тест жүргізілген. Оның 210-ы теріс, екеуі оң нәтиже берген.
Оң нәтиже берген, яғни вирус анықталған екі науқас Семей қаласының ерлі-зайыпты тұрғындары. Екеуі де 1959 жылы дүниеге келген.
- Ер азаматтың хәлі ауыр, бір қалыпта. Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылмаған. Қарқынды емдеу бөлімшесінде емделіп жатыр. Ал әйел адамның жағдайы орташа. Емді толыққанды алып жатыр. Бұл кісілермен байланысқа түскен адамдар тексерілді. Тест нәтижелері теріс, - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, екі науқас 2020 жылдың 21 наурызында елімізге "Шарм-Эль-Шейх – Нұрсұлтан" рейсімен оралған. Египетте демалыста болған. Семей қаласына өз көлігімен жеткен.
Ілияс Мұхамеджанның сөзінше, облыста 52 адам провизорлық стационарда, 61 адам карантиндік стационарда, 662 адам үй карантинінде. Бұлардың ешқайсынан вирус анықталмады.