ШҚО-да төтенше жағдай режимін бұзған кәсіпкер 7 тәулікке қамалды
Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимін бұзған кәсіпкер 7 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аймақта төтенше жағдай және карантин режиміндегі тыйымдарды бұзушылар тыйылмай тұр. Облыс орталығында тағы да тәртіп бұзғандар ұсталды. Олар – мейрамхана және лотерея клубының иелері. Аталмыш мекемелер төтенше жағдай режиміне қарамастан, 22:00-ден кейін жұмыс істеген.
Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен мейрамхана иесі 26510 теңге айыппұл арқалады. Ал клубтың иесі 7 тәулікке қамауға алынды.
Сондай-ақ «коронавирус инфекциясын жұқтырғандар ауруханаға жатқызылды» деп жалған ақпарат таратқан Аягөз ауданының тұрғыны 5 тәулікке қамауға алынды.
Аймақта осы кезеңге дейін барлығы 26 әкімшілік іс қозғалып, 15 адам жауапкершілікке тартылды және 5 адамға айыппұл салынды. 10 адам қамауға алынды.
Еске салайық, төтенше жағдай режимін бұзып, қойылған талапты орындамаған азаматтар 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.