Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу туралы арнайы қаулы шығады
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде мәлімдеді.
«Коронавирустан адам қайтыс болуына байланысты журналистер марқұмды қалай жерлеу керектігі туралы сұрап жатыр. Бүгін кешке немесе ертең таңертең бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шығады. Онда қатаң сақталуы керек ережелер көрсетіледі. Дәрігерлер айтқан талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Православие шіркеуі тиісті пәтуа мен ескертулер әзірледі",-деді министр.
Сонымен бірге, министр коронавирус инфекциясынан кеше қайтыс болған әйел туралы пікір білдірді.
«Бізден таңертең қайтыс болған әйелдің диагнозын неге кешке хабарлағанымызды сұрап жатыр. Өлімнің нақты себебі кешкі уақытта ғана анықталды және тез арада бұқаралық ақпарат құралдарына хабарланды», - деді Д. Абаев.