Өскемен карантинге жабылуы мүмкін бе?
Өскеменде карантин енгізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы коронавирустың таралауына жол бермеу жөніндегі қалалық штаб мәлімдеді. Ондағы мамандардың айтуынша, әзірше Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы жоқ. Алайда өзге елдер мен қалалардағы оқиғалар көрсеткендей, кез-келген жағдайға алдын ала дайын болуымыз керек.
– Егер қалада коронавирус жұқтырған (5 адамнан жоғары) адамдар болса, онда карантин енгізілуі мүмкін. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, облыстық және қалалық штабтар бұған алдын ала дайындалады. Айталық қала шетіндегі блок-бекеттерде оқу-жаттығу іс-шаралары өткізілді.
Қазір карантин кезінде де қызметін тоқтатпайтын азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен кәсіпорындарға қоңырау шалып, қызметкерлердің тізімін алып жатырмыз. Өйткені облыс орталығында барлық қозғалыс шектелетін болса, бұл қызметкерлерге қала ішінде жүріп-тұру үшін рұқсат қағаз керек болады. Аталмыш құжаттар әкімдіктен беріледі. Ал өзге тұрғындар үйден шықпай отыруы тиіс.
Карантин жарияланса, нақты қандай шектеулер мен талаптар болатыны белгісіз, оны болжап-білу мүмкін емес. Карантин енгізілсе, қала тұрғындарының өмірінде қандай мәселелер туындауы мүмкін? Дәл осыны анықтау үшін де дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілуде.
Қалада карантин немесе коменданттық сағат енгізіліп, қозғалыс шектелетін болса, тұрғындарға бірнеше күн бұрын хабарланатын болады, – дейді штабтағылар.