ШҚО-да ТЖ тәртібін бұзғандар жазаланды
ШҚО прокуратурасы азаматтарды төтенше жағдай кезеңінде енгізілген уақытша шектеулерді сақтауға шақырады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Елімізде а.ж.16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілгені белгілі. ТЖ жарияланған сәттен бастап облыстағы құқық қорғау органдары заңдылықты қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауда. Айталық кез-келген заң бұзылушылықтың алдын алу үшін прокурорлар мен полиция қызметкерлерінен және мемлекеттік кіріс департаменттерінің мамандарынан мобильді топтар жасақталды. Осылайша шектеулерді бұзғандар бірден анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Мәселен Өскемен және Семей қалаларында, сондай-ақ Глубокое ауданында адамдар көп жиналатын салтанатты және басқа да іс-шаралар өткізіліп, интернет-клубтар жұмыс істеген. Қазіргі уақытта облыс бойынша осындай 10 оқиға тіркелді. Айталық, облыс орталығындағы компьютерлік клубтың иесі 26 510 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Сондай-ақ Өскемендегі караоке-барлардың бірі сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеген. Сот қаулысымен мекеменің иесі 15 тәулікке қамауға алынды.
Облыс прокуратурасы азаматтар мен кәсіпкерлерді құқықтық тәртіпті сақтауға, уәкілетті органдардың талаптарын және белгіленген тыйымдар мен шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырады.