Өскемендегі тексерушілер төрт күнде екі миллионға жуық теңге тапты
Өскемендегі мониторингтік топтар 16-20 қараша аралығында тексеру жүргізіп, санитарлық талаптарды бұзғандарға 1 819 590 теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Демалыс күндері және тыйым салынған уақытта жұмыс істеген дәмхана, сауна, шаштараздар, дүкендер иелері айыппұл арқалады. Сондай-ақ маска режімін сақтамаған қызметкерлер де жауапкершілікке тартылды.
Мәселен 21.00-ден кейін де қызмет көрсеткен саунаның қожайынына 319 500 теңге айыппұл салынды. Ал тағы бір нысанның әкімшісі жұмыс орнында маска кимеген үшін 41 500 теңге айыппұл төлейтін болды. Сондай-ақ төрт жеке кәсіпкерге 320 мың теңгеден айыппұл төлеу міндеттелді.
Мобильді топтар дүкенде маска тақпаған сатушылар мен тұтынушыларға да ондаған айыппұл салды.