KZ
Өскемен
-6°
туман жел 1 м/с, С
498.55 524.28 4.75

Өскемендегі автовокзалдар тексерілді

18.03.2020, 09:01 271

Аймақта коронавируске қатысты қоғамда қандай да бір дүрбелең туғызатындай ахуал байқалған емес. Қоғамдық көліктер уақтылы қатынап, сақтық, алдын алу, түсіндіру жұмыстары дер кезінде қолға алынған. Азық-түлік сататын сауда орындары да әдеттегідей қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен Өскемен қаласында жүргізілген арнайы рейд барысында белгілі болды.

Рейдке қатысушылар алдымен қаладағы адам көп жиналатын Абай даңғылының бойындағы автобекетке барып, ондағы ахуалды тексерді. Мұндағы техперсоналдар әр автобусты рейс алдында және келген соң да зарарсыздандырудан өткізіп, қауіпсіздік шараларын барынша күшейткен. Автобекет ғимаратының іші де әр үш сағат сайын толық хлормен жуылады. «Өскемен автобокзалы» ЖШС директоры Алмаз Бейсенғазиннің айтуынша, сақтық шараларының аясында қазіргі кезде күнделікті 32 бағытта жүретін жолаушылар ағыны сексен пайызға дейін азайған.

– Біздің медициналық қызмет кез келген жағдайда келген жолаушыға қызмет көрсетуге әзір. Қажетті препараттар жеткілікті. Ең жас деген медициналық қызметкердің еңбек өтілі 13 жыл. Дезинфекциялауға қолданылған заттар артынан біздегі арнайы қызмет арқылы жойылады. Барлық жұмыстар қолданыстағы заңнамалар аясында атқарылып жатыр. Қазір Ресей мен Қырғызстан бағытындағы барлық қатынастар тоқтап тұр. Коронавируске қатысты Нұрсұлтан мен Алматы бағыты да жабылды. Жолаушыларға айтарым, барлық билеттер жолаушылар тасымалына қатысты заңға сәйкес қайтарылады. Ең бастысы, қандай жағдай болмасын, біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз, – деді жағдайды аймақ әкіміне баяндаған Алмас Бейсенғазин.

Келесі ретте облыс әкімі Өскемен қаласындағы жолаушы тасымалымен айналысатын ірі автопарктердің бірі – «VOSCA» ЖШС-нің базасына барып, зарарсыздандыру шаралары қалай атқарылып жатқанын тексерді. Мұнда қазір күнделікті 11 қалалық маршрутқа шығатын жетпіске тарта қоғамдық автобус тәулігіне үш мәрте толық зарарсыздандырудан өтіп жатыр. Дәрілік заттардың қоры да екі айға артығымен жетеді. ЖШС директоры Қанат Халеловтың айтқанына сенсек, өскемендіктерге тексеруден өткен «VOSCA-ның» автобустарына еш алаңсыз отыра беруге болады.

– Облыс әкімі біздің коронавируске қарсы атқарып шатқан шараларымызды оң бағалады және осы қарқында үздіксіз жұмыс істей беруді тапсырды, – деді мекеме директоры Қанат Халелов.

Өскемендегі жолаушылар көп қатынайтын қоғамдық көліктің бірі – темір тағанды трамвайлар. Ал олар тоқтайтын трамвай паркінде де сақтық шаралары барынша күшейтілген. Арнайы қызметкерлер әр вагонның ішін де, сыртын да хлормен тазартып жатыр.

– Өздеріңіз бірге жүріп байқағандай, қандай да бір дүрбелең туғызуға еш негіз жоқ. Мемлекет басшысының арнайы бағдарламасына сәйкес барлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еттік. Көп рет қолдануға болатын петперде өндірісін тез арада жолға қойдық. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Сондықтан облыс тұрғындарына айтарым, бізге ең бірінші кезекте сабырлық пен тәртіп керек. Сонда ғана біз бүкіл әлемнің үрейін алған коронавирус атты індетті жеңіп шығатын боламыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу