Ақтоғай кентінде цифрлық орталық ашылды
Бүгін Ақтоғай кентінде Мәдениет үйі ғимаратында жаңа электронды қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол республика бойынша кезекті цифрлық ХҚО болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мұндай цифрлық орталық бұған дейін облыс бойынша Өскемен және Семей қаласында ашылған. Енді Ақтоғай кентінің тұрғындары egov.kz электронды үкімет порталын қолдана отырып, цифрлық дағдылар бойынша тереңдетілген оқудан өте алады.
Цифрлық орталық М.Мәметова көшесі, 5 мекенжайындағы мәдениет үйі ғимаратында орналасқан. Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30 – ға дейін.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, бұл облыс бойынша үшінші цифрлық ХҚО.
- Цифрлық орталық Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен ашылған. Электрондық қызмет көрсету орталықтары - бұл мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа форматы. Олардың жұмысы толығымен автоматтандырылған және тікелей операторлардың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Қызмет алушыларға қолайлы болу үшін кішкентай бүлдіршіндерге ойнату бұрышы қарастырылған, - деді Азамат Есембулов.
Жалпы жыл басынан бері Аягөз ауданында мемлекеттік корпорацияның филиалы 1,5 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Оның ішінде өз бетінше өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы Аягөз ауданы бойынша 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет алды, ауданның 31 мыңнан астам тұрғыны ЭЦҚ алған, сондай-ақ 16 мың азамат мобильдік азаматтар базасында "Қалтадағы ХҚО"деп аталатын мобильдік телефон арқылы қызмет алу үшін тіркелген.