Халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына мемлекеттен сыйақы беріледі
Елімізде дарынды оқушылар мен оларды ғылыми жобаға дайындаған жетекші-педагогтерді қолдаудың жаңа тетігі заң жүзінде бекітілді. Бұдан былай халықаралық ғылыми жоба байқауларында үздік нәтиже көрсеткен өрендер мен олардың ұстаздарына мемлекет тарапынан бірреттік ақшалай сыйақы төленеді. Бұл шешім талантты жастарға қолдау көрсетіп, оларды ғылымға баулуды мақсат етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң елдегі білім беру жүйесіне маңызды өзгерістер енгізеді. Аталған құжат дарынды балаларды ерте жастан анықтап, ғылыми бағытқа жетелеуге бағытталған ауқымды бастама ретінде бағалануда.
Бұл – Президенттің білім мен ғылым саласындағы реформаларының заңды жалғасы. Бұған дейін көтермелеу тек халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлдеге ие болған оқушылар мен ұстаздарға ұсынылатын. Енді оның ауқымы кеңейіп, халықаралық ғылыми жоба байқауларының да жеңімпаздары мемлекет қамқорлығына алынып отыр.
Жаңа нормаға сәйкес, халықаралық беделді ғылыми байқауларда алтын медаль алған оқушыларға 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлеріне 1000 АЕК, ал қола медаль алғандарға 500 АЕК мөлшерінде сыйақы беріледі. Бұл – дарынды балалардың білімге деген қызығушылығын арттыруға айтарлықтай ынталандыру. Сондай-ақ, оқушының биік белесті бағындыруына үлес қосқан педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейін сыйақы төленеді. Бұл ұстаздар еңбегінің еленуі мен қадірінің артуына ықпал етеді.
Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша Қазақстан құрамасы 7 беделді халықаралық олимпиадада бақ сынап, 27 медаль олжалады. Оның ішінде 4 алтын, 13 күміс және 10 қола медаль бар. Осы нәтижелерге орай 27 үздік оқушыға 94,3 млн теңге, ал 24 ұстазға 7,4 млн теңге көлемінде сыйақы төленді. Бұл көрсеткіш еліміздің білім сапасының халықаралық деңгейде де жоғары екенін дәлелдейді.
Жаңа заң нормалары дарынды балаларды қолдау жүйесін күшейтіп қана қоймай, білім саласындағы жоғары жетістіктердің беделін арттырады. Сонымен қатар Қазақстандағы олимпиадалық және ғылыми қозғалыстың дамуына тың серпін беріп, жас зерттеушілердің көбеюіне жол ашады. Қоғамда ғылымға қызығушылықты арттыру, интеллектуалды ұлт қалыптастыру мақсатындағы бұл қадам – еліміздің болашағына жасалған стратегиялық инвестиция.