ШҚО-да боранда адасып кеткен малшы табылды
Жарма ауданында қой жайып кеткен малшы боран кезінде жоғалып кетеді. Шаруа қожалығының жұмысшылары аудандық полиция бөлімінен көмек сұраған екен. Құтқарушылар адасқан малшыны 14 сағат ішінде ңздеп тапты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оқиға 19 ақпанда «Алтыбай» шаруа қожалығында болған.
Малшының жоғалып кеткені туралы арыз полицияға сағат 16.40-та түскен. Сағат 19.50-ден бастап оны іздеу бойынша жұмыстары басталып кетті. ТЖ, полиция бөлімінің, әкімдіктің қызметкерлерінен және жергілікті тұрғындардан құрылған 8 іздеу тобы түні бойы даланы кезіп, 20 ақпанда таңғы сағат бес шамасында бір отар қойды тауып алған. Ал сағат күндізгі ондар шамасында малшының өзі де «Аружан» шаруа қожалығынан 10 шақырымдай жерден табылыпты.
Құтқарушылардың айтуынша, малшы аман-есен, жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекті қажет етпейді.