Зайсандағы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылды
Бүгін таң ата жедел Зайсанға ұшып барған ШҚО әкімі Даниал Ахметов ауыл тұрғындарымен кездесіп, наразылықтың себеп-салдарын анықтап білді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Иә, халық тарапынан біраз шағымдар бар екен. Жергілікті жұртқа мәселенің мән-жайы жан-жақты түсіндіріліп, азаматтар арасындағы сұрақтар өзара ымыраға келу арқылы шешімін тапты.
Осыған сәйкес ШҚО әкімінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында 15 адам бар, арнайы топ құрамының барлығы ауыл тұрғындары.
Естеріңізге сала кетейік, аудан басшылығы түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегендіктен кеше Зайсан ауданының Сарытерек, Айнабұлақ ауылдарында карантиндік аймақ құрмауды талап еткен тұрғындар көшеге жиналып, өз наразылықтарын білдірген болатын.
Осыған байланысты Даниал Ахметов бүгін таң ата жедел Зайсанға ұшып барды. Халықпен арнайы кездесіп, өзі түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Ол жақта өзіміздің студенттеріміз бар. Ертең олар келсе, қазақ елінің баласының жолын қалай жабамыз? Ойлану керек. Ана жерге шекараға келіп тұрса, қазақ елі оның жолын, яғни шекараны жапса, не болады? Біз өз азаматымызды елге кіргізуіміз керек ғой» деді облыс әкімі Даниал Ахметов.