Даниал Ахметов бүгін Зайсанда қалатын болды
ШҚО әкімі Даниал Ахметов бүгін Зайсан ауданында қалып, тұрғындармен әңгімелесіп, мәселенің мән-жайына тереңірек үңілетін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
-Ешқайда кетпеймін, бүгін осы жерде қаламын. Сіздермен бірге боламын. Бір шай осы ауылдан-ақ табылатын шығар. Мәселені бірге шешеміз,-деді әкім.
Аудан басшылығы түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегендіктен кеше Зайсан ауданының Сарытерек, Айнабұлақ ауылдарында карантиндік аймақ құрмауды талап еткен тұрғындар көшеге жиналып, өз наразылықтарын білдірген болатын.
Осыған байланысты Даниал Ахметов бүгін таң ата жедел Зайсанға ұшып барды. Халықпен арнайы кездесіп, өзі түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Ол жақта өзіміздің студенттеріміз бар. Ертең олар келсе, қазақ елінің баласының жолын қалай жабамыз? Ойлану керек. Ана жерге шекараға келіп тұрса, қазақ елі оның жолын, яғни шекараны жапса, не болады? Біз өз азаматымызды елге кіргізуіміз керек ғой» деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айтуынша, елге кірген жолаушылардың қызуы тексеріледі және бірден 14 күн карантинге жатқызылады. Әкім сондай-ақ бірде-бір шетел азаматының шекарадан өтпегенін баса айтты.
Жергілікті белсенді Еркебұлан Зағыпаров кешеден бері Сарытерек ауылында, жалпы Зайсан ауданында ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтып шағынды.
Халық түскі сағат 12-де облыс әкімінің кездесуін және шекараның жабылуын сұрады.
Бұдан кейін облыс әкімі Зайсан қаласындағы колледжге барып, осында жиналған жұртшылыққа карантиндік аймақтың құрылмайтынын баса айтты. Ал көрші елден келетін бес Қазақстан азаматының 14 күн медициналық бақылауда болатынын жеткізді. Жолаушылар ешкіммен байланысқа түспей, толықтай оқшауланады. Ал шекарадан өткен адамда қандайда бір ауру белгілері байқалса ол бірден облыс орталығына арнайы жабдықталған көлікпен жеткізіледі.
Жалпы аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі корнавирусқа қарсы тұруға толықтай дайын. Мұнда арнайы бокс дайындалған. Оған кіріп-шығатын есік те бөлек. Барлық құрал-жабдықтар мен қажетті дәрілік препараттар жеткізілген, деп сендіреді аудандық билік өкілдері.