Зайсанда коронавирусқа қатысты жалған ақпарат тарады – Даниал Ахметов
Кешеден бері әлеуметтік желіде «коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары Зайсан ауданына жеткізіліп, жергілікті ауруханаға жатқызылады» деген ақпарат таралып кетті. Халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ШҚО әкімі Даниал Ахметов бүгін Зайсан ауданына ат басын бұрды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қытай Халық республикасымен шектесіп жатқан Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы таралып кеткен жалған ақпаратқа сеніп қалып, ел арасында әлеуметтік шиеленіс туған. Адамдар 19 ақпан күні сағат 15.00 кезінде аудандық аурухананың алдына жиналып, көршілес елмен шекараны жабуды талап етті. Бұл толқу ауданға облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеткенге дейін жалғасты.
Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл мәселені өз бақылауына алды. Ол Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесіп, жағдайды түсіндірді. Аймақ басшысының айтуынша, таралған ақпарат жалған болып табылады.
Көрші Қытайдан бес Қазақстан азаматы келеді екен. Өңір басшысы олардың шекарадан өткен соң 14 күн карантинге жіберілетінін және ешкіммен байланысқа түспей, толықтай оқшауланатынын айтты. Ал шекарадан өткен адамда қандайда да бір ауру белгілері байқалса, ол бірден арнайы жабдықталған көлікпен облыс орталығына жеткізіледі. Сондай-ақ аймақ басшысы шекараның шетелдік азаматтарға толықтай жабылғанын атап өтті.
- ҚХР-мен арадағы шекара үш күн ішінде жабық болатынына сенімді бола аласыздар. Ол үшін сәйкес құжаттар рәсімделу керек. Бұл процесс үш күнге созылады, - дейді әкім.
Сондай-ақ, Даниал Ахметов тұрғындарды әлеуметтік желіде таралған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Осы жағдайға қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, мемлекеттің бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 17 ақпандағы Қаулысына Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша алдын алу шараларын күшейтуге қатысты сәйкес өзгерістер енгізілген екен.