Қытайдан Үржарға қаңтар айында 128 адам келген
Үржарға Қытайдан келген азаматтар арнайы тексеруден өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері елімізге Қытайдан 12 610 адам келген. Осыған байланысты Қазақстанда коронавирустық инфекцияның тасымалдануы мен таралуының алдын алу шаралары күшейтілген болатын.
Қытай Халық Республикасынан қаңтар айында ауданға 128 адам келген. Олардың бәрі дәрігерлік тексеруден өткізілді.
Нәтижесінде қауіпті вирустың белгілері анықталмаған.
Дегенмен, аудан әкімі төтенше жағдай туындай қалса ауданда төрт аурухана шұғыл медициналық жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазіргі күні ауданда 300 дана бір реттік және 162 бірнеше рет қолданатын инфекциялық костюм бар.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Үржар ауданының әкімі тұрғындар алдында есеп беруде. Жиын облыс әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен өтіп жатыр.