ШҚО-да боранда жоғалып кеткен қойшылар аман-есен табылды
Семей құтқарушылары қолайсыз ауа райынан 150-ге жуық адамды қар құрсауынан шығарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап.
ТЖБ аймақта демалыс күндері ауа райының нашарлауынан бірқатар автокөлік жолдары жабылғанын айтты.
Қызметкерлер шектеулерге қарамастан құтқару жұмыстарын жүргізді. Семей - Знаменка тасжолының 40-шы шақырымында 20 шақты көлікті қар басып қалды. Құтқарушылар қалаға 92 адамды эвакуациялады, олардың ішінде 13 бала бар.
«Семей-Өскемен тасжолында 12 көлік қар құрсауында қалды. Тоғыз көліктегі 13 адам эвакуациялаудан бас тартты. Қар құрсауынан үш джип көлігі шығарылды, 16-сы адам жақын маңдағы дәмханаға жайғастырылды. Дәл осы күні үш жолаушысы бар көлік аталған тасжолда тұрып қалды. Олардың барлығының жағдайы жақсы, Шүлбі ауылының емханасына жеткізілді», - деп түсініктеме берді ТЖБ-да.
Сонымен қатар, Знаменка тасжолының 80-ші шақырымында 266 қойы бар екі шопанның жоғалғаны туралы хабар түскен. Іздестіру жұмыстарын № 11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жүргізді. Құтқарушылар қойшылар мен малдарды тауып, қыстақтарына жеткізді.