"Барлық ұсыныстар мұқият сарапталады" Нұрлан Нығматулин семейліктермен кездесті
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Шығыс өңірінің тұрғындарымен жүздесіп, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы Кодекстің жобасына қатысты сұрақтарды талқылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш жиын Семейдегі жедел медициналық көмек ауруханасының ғимаратында өтті. Мәжіліс спикері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің жобасы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Кодекстің жаңа нұсқасы еліміздегі медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.
Заң жобасында бірқатар өзекті мәселелер қарастырылған. Айталық, аурушаңдықтың алдын алу, дәрігерлік көмек көрсету қызметінің деңгейін анықтау және трансплантологияның жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеру. Нұрлан Нығматули өзге де сұрақтардың жоғары билікте жан-жақты қарастырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ негізгі жұмыстарды мәжіліс депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен медицина қызметкерлерінен жасақталған арнайы топтың атқарып жатқаны белгілі болды.
– Барлық ұсыныстар мұқият сарапталады. Осының арқасында сапалы, жан-жақты әрі өнімді заң жобасын жасаймыз, – деді Нұрлан Нығматулин.